Биылғы жылдың өткен кезеңінде Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 55 жасөспірім орналастырылыпты. Ювеналды полиция мәліметіне жүгінсек олардың ішінде түн жамылып, көше кезетіндер де, үйден безіп, далаға қашатындар да, тіпті туған әке мен анадан бас тартатындар да бар. Осы деректердің астарында толғақты түйін жатқаны жөнінде ойланамыз ба? Япыр-ай, деп қынжыласың. Бала тәрбиесін арына балаған ұлттың ұрпағы емес пе едік?
Тәрбиесіз бала білім ұғар ма,
Олай болса уысыңнан шығарма.
Ұл мен қызын шолжаңдатса бетімен,
Тартар күйік, ет кескендей етінен.
XI ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласұғын осылай депті. Ал, бүгін ше? Баланы уысынан шығарып алып, күйігін тартып отырғандар аз емес. Мұның басты себеп-салдары қандай?
Міне, байқап отырсақ кінә өзімізден. «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» деп аталарымыз текке айтпаса керек. Үйде ата-ананың әдепсіз іс-әрекетін көріп, былапыт сөздерін естіп өскен баланың тағылымды тәлім ала алмасы түсінікті. Әрине, бала тәрбиесі кең ұғым. Келісті отбасы саналатын ұядан да бас жібін үзіп кетіп жататын балалар болады. Сайып келгенде әңгіме түйіні тағы да тәрбиенің кемдігіне тіреледі. Бұл толғауы таусылмайтын тақырып. Ең бастысы – бала тәрбиесінде бейқамдық болмаса деген тілек.
Әндіржан Мұханғалиев
Фото ашық дереккөзден алынған