Атыраулықтардың 99,8%-ы ауызсумен қамтылған

Атырау облысында ауыз сумен қамту және су бұру жүйесін жақсарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мақсатында іске асып жатқан жобалар туралы аймақ басшысы Серік Шәпкенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде айтты. Жалпы, өңір халқының 99,8%-ы таза ауыз сумен қамтылған. Биыл Қызылқоға ауданының Қоңыраулы, Аққора ауылы мен Махамбет ауданының Бала Ораз елді мекеніне 18,9 шақырым су құбыры жүргізілді. Сонымен қатар Махамбет ауданына қарасты Атамбаев, Көздіқара, Есмахан елді мекендеріне жалпы ұзындығы 61,7 км болатын су құбырын тарту жұмыстары аяқталып келеді. Қос жобаның нәтижесінде 600 адам таза ауыз сумен қамтылады. Сондай-ақ Махамбет, Исатай, Құрманғазы ауданында 16 су тазарту станциясы жаңғыртылып жатыр.

- Тасқынның салдарына қарамастан халықты сапалы ауыз сумен қамту бағытында жұмыстар жүйелі жүруде. Мәселен, қалада тәулігіне 50 мың текше метр су тазалайтын  №5 сүзгі станциясын жаңғырту жұмысын жыл соңына дейін аяқтап, іске қосамыз. Сондай-ақ келер жылы тәулігіне 60 мың текше метр су тазалайтын №6 сүзгі станциясының құрылысы басталады. Биыл қала аумағында 60 шақырым су желісінің жаңғырту жұмысын бастадық. Оның 30 шақырым су құбыры темірден пластикке ауыстырылды. Қалған 30 шақырымдағы жұмысты келер жылы аяқтаймыз. Бұған қоса қаладағы 1950 жылдан бері жөндеу көрмеген,  ұзындығы 40 км болатын кәріз желісін жаңартып жатырмыз. Бүгінде бұл жұмыстың 17 шақырымында жұмыс аяқталды , - деді С.Шәпкенов.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: ru.freepik.com