Атырау қаласында тұратын бірінші топ мүгедегі Елена Бударина қаладағы ескі үйлердің бірін паналауға мәжбүр, деп хабарлайды AtyrauPress.
Елена Бударинаның аяғы туғаннан мүгедек. Анасы босанған кезде-ақ қызынан бас тартқан. Содан бері ол балалар үйінде тәрбиеленді. Соңғысы – Атыраудағы ақыл-ойы кем балаларға арналған мектеп-интернат. Кейіпкердің екі аяғы да бар болғанымен, тізеден бастап артқа қарай бүгіліп қалған. Сондықтан ол бала кезден тізерлеп жүреді. Мүмкіндігі шектеулі әйел 44-45 өлшемдегі спорт аяқкиімінің өкше тұсын кесіп, киюге ыңғайлап тігіп алуды үйренген. Оны үйге де, далаға да киеді. Өйткені пәтердің ішінде жүргенде тізесі қажалады екен.
Қазір Елена Бударина «Балықшы» шағынауданындағы Қожақаев көшесіндегі ескі екіқбатты үйдің бір бөлмесін азаматтық некедегі күйеуі мен 4 жасар ұлы үшеуі жалдап тұрады. Пәтердің аумағы небәрі 30 шаршы метрді құрайды.
«Ай сайын 77 мың теңге жәрдемақы аламын. Оның 30 мың теңгесін пәтерге төлеймін. Күйеуімнің тұрақты жұмысы жоқ. Маған осыған дейін екінші топ мүгедектігі берілген. Екі жыл бұрын бірінші топ мүгедектігін уақытша екі жылға берді. Енді биыл сәуір айында қайтадан тексеруден өтуім керек. Бұдан бөлек, былтыр қазан айында сол аяғыма ота жасалды. Содан бері қатты ауырады және ауырсынуды басатын дәрі ішуге тура келеді. Кейде ол да көмектеспейді» дейді Е.Бударина.
Әйел осы уақытқа дейін пәтер алу үшін кезекке де тұрмапты. Айтқан сөзіне сенер болсақ, интернаттан шыққан соң тиісті құжат жинап, пәтер кезегіне тұруды білмепті және ешкім ақыл-кеңесін айтпаған көрінеді. Ең қызығы, Ленаны нәресте кезінде тастап кеткен анасы оны 8 жасында балалар үйіне іздеп келіп, бірақ өзімен бірге әкете алмайтынын айтып, қайта кетіп қалған екен. Осылайша ол 18 жасқа келгенде анасына пана іздеп барады.
Қазір Елена қиналса да шешесінің үйіне бара алмайды. Өйткені анасы күйеуі және 3 баласымен тұрып жатыр. Ал енесі де басқа балаларымен жатақханада тұрады. Сондықтан ешкімге салмақ салмай, арбасын өзі сүйреп келеді.
Атырау қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Рафкат Жолдиевке хабарласқанымызда, бірінші топ мүгедегі ретінде Е.Бударинаға қатысты жеңілдіктер барын алға тартты.
«Жалдап отырған пәтердің жалға алу құнының 50%-ін мемлекет, қалған 50%-ін жалға алушының өзі төлейді. Ал пәтер кезегіне ЭЦҚ кілтін ашып, сол арқылы қоюға болады. Өздігінен жасай алмайтын болса, біз жақын күндері оның үйіне маман жіберіп, кезекке тұру үшін көмектесеміз» деді Р.Жолдиев.
Елена аяғына көп салмақ сала алмайды. Сондықтан діттеген жеріне қоларбамен жетеді. Осы ретте Атырау қалалық
«Екі жыл бұрын далада серуендеу үшін берілген қоларбаны ол 2025 жылы ауыстыра алады. Ал үй ішінде қозғалуға арналған арба 2017 жылы беріліп, келер жылы ауыстырылады. Е.Бударина 2021 жылғы 13 маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін жеке көмекшінің қызметтерін пайдаланады. Ал былтыр желтоқсан айында жеке көмекшінің қызметтері үшін 90 052, 2 теңге төленді. Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне тамыз айында 50 000 теңге көлемінде әлеуметтік көмек берілді. Сондай-ақ, 2021 жылы біржолғы әлеуметтік көмек 80 000 теңге төленді, 2022 жылы өтініш болған жоқ» деді Анар Жеңісова.
Елена Бударина баспаналы болудан бөлек, аяғына протез киіп жүруді мақсат етіп отыр. Ал ол үшін күрделі ота жасатуы қажет. Бірақ елордалық дәрігерлерден операция жасатуға болатыны жайлы әзірге нақты жауап келмеді.
Суреттерді түсірген Э.МЫҚТЫБАЕВА.