Шаһар басшысы балықшылықтармен кездесті (+ВИДЕО)

Бүгін қала әкімі Мейірім Қалауи Балықшы ықшамауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Кездесу барысында азаматтардың кейбірі көкейде жүрген жеке сұрақтарын көтерсе, ендібірі аумақтағы қордаланған проблемаларды қозғады. Өз кезегінде қала басшысы тұрғындар сұрақтарына жауап беріп, Балықшы ықшам ауданындағы атқарылатын жұмыстармен таныстырды.

2022 жылы құрылысы басталған Балықшы шағын ауданы мен Құрсай ауылындағы Арычный көшесіне тас жол төсеу жұмыстары биыл жалғасын тауып, толықтай аяқталатын айтқан қала әкімі А.Құнанбаев көшесін орташа жөндеуден өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Сонымен қатар, қала басшысы ойын алаңдарының құрылысына қатысты арнайы тоқталды.

- Атырау қаласындағы 100 ауланы абаттандыру жобасы аясында 2022 жылы құрылысы басталған А.Құнанбаев көшесі 15, 15а, 13, 30, 30а, Водник ауылы 31, 33, 35 тұрғын үйлер аулаларын абаттандыру жұмыстары биыл жалғасады. Бұдан бөлек, Қалмұқанов көшесі 3 үй, Әшенов 2 үй, Құнанбаев көшесі 20, 22, 25, 28, 28а, 44 тұрғын үйлер аулаларын абаттандыру жоспарланып отыр. Жалпы, жоба шеңберінде балалар ойын алаңы, спорттық алаңдар және футбол алаңы, тас жол төсеу, заманауи жарық шамдар орнату және т.б. жұмыстар қарастырылған, - деді қала әкімі.

Қала әкімі мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің V-кезеңі аясында ағымдағы жылы Балықшы шағын ауданының 7 көшесіне, «Толқын» шағын ауданындағы 3 көшеге, Водников ауылындағы 8 көшеге, Водников-2 ауылындағы 10 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары жоспарланып отырғанын айтты.

Сондай-ақ, Балықшы аумағындағы ең үлкен проблемалардың бірі – Бейбітшілік және Қожақаев көшесінде орналасқан ескі үйлердің жағдайы.

- Өкінішке орай, тұрғындар қиын жағдайда өмір сүріп жатырғанын білемін. Үйлер құлап қалатын жағдайда тұр. Осыған байланысты, әкімдік тарапынан реновация бағдарламасын жүзеге асырып, алғашқы жұмыстарын жүргіздік. Дегенмен, жасыратыны жоқ, осы үйлерге қызығып отырған кәсіпкерлер жоқ болып отыр. Себебі, бұл аумақтағы коммуникация ескерген. Осы ретте, оларды ауыстыру жөнінде біздің жоспарымыз бар. Жақын арада аталған үйлердің тұрғындарымен кездесемін, - деді қала әкімі.

Бұдан бөлек, мектеп салу мәселесіне де қала әкімі нақты жоспарлар жүзеге асып жатырғандығын жеткізді.

- Өзекті мәселелердің бірі – Водников ауылында мектептің жоқтығы. Балалардың көбі Құнанбаев және Ломоносов мектебіне келіп оқиды. Осы ретте, биылғы жылы жайлы мектеп жобасы аясында 1200 орындық орта мектептің құрылысын салу жоспарланып отыр. Балықшы шағын ауданындағы Абай Құнанбаев атындағы орта мектебінің спорт алаңы құрылысы қайтадан жанданатын болады, - деді әкім.