Atpress.kz ақпараттық порталында бүгіннен бастап «Онлайн сабақ» жобасы бастау алды. Міндет – оқушыларға қашықтан оқыту кезінде туындаған қиындықтарды жеңуге көмек беріп, озық әдістемелерін көпшілікке қолжетімді ету.
Оқушылардың онлайн сабаққа деген қызығушылығын арттыру да негізгі мақсаттардың бірі. Түсірілім тобы 17 мектеп-лицейінің оқушылары мен оқытушыларының қазіргі тыныс-тіршілігін көпшілікке ұсынудан бастады. Сонымен, алдыменен аталмыш оқу орнының 4 «и» сыныбының оқушысы Зара Зейнеденнің онлайн дәріс алу барысын сырттай бақылап көргенбіз.
Ал, бұл уақытта оның оқытушысы Гүлнар Қобжанова кезекті онлайн сабақ өткізіп жатқан болатын. Жалпы, бастауыш сыныптар 2 ауысымда білім алып жатыр: біріншісі 8.30 сағатта басталса, екіншісі – 11.45-те жалғасады. Бүлдіршіндер алғашқы ұстазының сабағына аса үлкен сүйіспеншілікпен қатысып отырғаны анық байқалады.
Ал, біз болсақ, №17 мектептің тыныс тіршілігімен танысуды одан әрі жалғастырып кеттік. Мектеп директоры Зухра Алмаш оқу орнының қазіргі талаптың толықтай орындалып отырғанын тілге тиек етті. Расында да, мектепте санитарлық нормалар мен ережелер толық сақталуда. Оқушыларды кезек-кезегімен кіргізу, арақашықтық талаптарын орындау да назардан тыс қалмаған. Бірінші сыныптарға жас мұғалімдер – Жарқынай Тынбаева мен Анастисия Овчинникова алғашқы шәкірттеріне дәріс беруде. Еңбек жолын енді бастаған мамандардың жұмысына кедергі келтірмеу мақсатында түсірілім тобы өз жұмысын бұдан әрі жалғастырып кетті.
Кезек мектептің медициналық бөлмесіне де жетті. Мұнда керекті құрал-жабдықтың барлығы бар. Мектептің әр сыныбы әр сабақтан кейін кварцпен өңделеді. Әр сабақ 30 минуттан өтеді, 40 минут уақыт залалсыздандыруға арналады. Содан екінші аусымға да кезек жетеді екен.
Мирас Қабдол,
оператор Манарбек Майшагиров
Атырау қаласы