Ең жас əкім 28 жаста

ATPress.kz. 16 тамыз. Атырауда облысындағы ауыл әкімдерінің сайлау қорытындысы жарияланды. Жанама негізде өткен сайлауға қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары қатысқан.

Өңірдегі 44 округ, 3 кент және Құлсары қаласында өткізілген сайлауға 135 кандидат тіркеліпті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мəслихатында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асау Ибрашев мәлімдеді. 

Сайлау қорытындысы бойынша тағайындалған 48 әкімнің 45-і ер адам, 3-еуі әйел. Жас шамаларына келер болсақ, 35 жасқа дейінгілер - 7, 45 жасқа дейінгілер - 7, 55 жасқа дейінгі - 14 адам және 63 жасқа дейінгі - 20 адам сайланған. Ал бұрынғы 32 әкімнің 28-і қайта сайланған. Сонымен қатар, 16 адам әкімдік пен мәслихат аппараттарының қызметкері, 3-уі мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкері болса, біреуі коммерциялық құрылымда жұмыс істеген.

Ауыл әкімдерінің ішіндегі ең жасы – 28-де. Олар: Жылыой ауданы, Қосшағыл ауылдық округі бойынша Саян Баселов, Құрманғазы ауданы, Қиғаш ауылдық округінен Айдарбек Зиноллаев және Қызылқоға ауданы, Тайсойған ауылдық округі бойынша Әділет Шаймарданов. 

Айта кеткен жөн, ауыл әкімдерінің сайлауы 4 жылда бір рет өткізіледі.  

 

Айдос Қарабала

Фото Рахим Қойлыбаевтікі