Атырауда мүгедек жігіт 8 жылға сотталды

ATPress.kz. 7 маусым. Атырауда екі аяғынан айырылған мүгедек жігіт бұрын жасаған қылмысы үшін 8 жылға сотталды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлайды.

Қайғылы оқиға 2010 жылдың қаңтар айында болған. Сотталушы - Тараз қаласының тұрғыны бұрыннан жақсы көретін таныс қызын іздеп, Атырауға келген. Екеуі кездесіп, бірнеше күннен кейін жігіт қызға өзімен бірге Алматы қаласына баруды ұсынады. Алайда, бойжеткен тұрмысқа шыққандығын һәм үш қызы бар екенін айтып, бас тартқан. 

Жігіт амалсыздан кері Таразға кетуді шешеді. Сөйтіп, атыраулық қыз танысын шығарып салу ниетімен теміржол вокзалына келіп, жігіт өтініш еткесін арақ алып береді. Кейін пойыз келгенше сол маңдағы Контейнер көшесі бойында сөйлесіп отырып, араққа масайған жігіт қызға ренішін білдіре бастайды. Бір сәтте ашуға булығып, өзінің жол сөмкесінде жатқан асхана пышағын алып, атыраулық азаматшаның денесіне 19 рет сұғып, ажал құштырған. Оның ес-түссіз күйін көргеннен кейін, дереу пойызға мініп, кетіп қалыпты. 

Таразға жеткесін арақ алып, ауылына қарай жаяу жөнеледі. Жол бойында өз-өзіне қол жұмсамақ оймен тамырын кескен. Алайда, қыс ортасында далада ұйықтап қалып, екі аяғын үсіріп алады. Кейін аяқтары ампутацияға ұшырайды.

Осылайша, мүгедек болып қалған жігіт сегіз жылдан кейін Атырауға келіп, өзінің жасаған қылмысын мойындап отыр. 

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушының шын өкініп келгенін және екі аяғы жоқ мүгедек екенін ескеріп, Қылмыстық кодекстің 96-бабының 1-бөлігімен 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Енді тараздық азамат 8 жыл уақытын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтейтін болады.

Сот үкімі заңды күшіне енген. 

 

Айқара Ғұмар