Атырау облысында және еліміздің тағы 14 өңірінде жағдай тұрақталып, лаңкестік қауіптің «қызыл» деңгейі алынып тасталды, деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
«Терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық жедел штаб Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақмола, Ақтөбе, Атырау қалаларының аумақтарында лаңкестікке қарсы операцияның аяқталғаны және террористік қауіптіліктің «қызыл» деңгейінің жойылғаны туралы хабарлайды. Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында» делінген хабарламада.
Айтпақшы, Алматы қаласы мен облысында және Жамбыл облысында лаңкестік қауіптің қызыл деңгейі сақталуда. Бұл елді мекендерде лаңкестер мен қылмыстық әрекеттерге қатысы бар адамдарды жаппай тәртіпсіздіктер кезінде анықтау және ұстау жалғасуда.