ATPress.kz. 21 ақпан. Қазақстанның киелі жерлер географиясы картасына енген Сарайшық тарихи кешеніндегі музейде қазіргі заманғы сапар орталығы салынады.
Тарихи-мәдени орталықтың құрылысы биыл басталады. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев халыққа есеп беру жиынында атап айтты.
Жобаға сәйкес, бұл орталық туристер мен келушілер үшін барлық жағдай жасаған толық кешен болады. Мұнда әкімшілік ғимарат, қонақүй, шаруашылық-тұрмыстық үйі сынды бірнеше ғимарат салынады деп күтілуде. Қос қабатты әкімшілік ғимарат ішінде экспозициялық-көрме залдары, қор қоймасы, 100-150 орындық конференц-зал, зертханалық және қалпына келтіру үй-жайы, кітап қоймасы мен электронды мәліметтер базасы бар кітапхана орналасады. Бұдан бөлек, кешен аумағында лекция өтетін алаңдар, ашық аспан астындағы музей мен этноауыл болады.
«Визит-орталық туризмнің дамуына септігін тигізіп, Сарайшық сокралды қалашығына адамдардың назарын аударады», - деп нақтылады аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.
Ресми деректерде Сарайшық мәдени мұрасын сақтау мақсатында 2016 жылы облыс бюджетінен жағалауды бекіту жұмыстарына 1,6 млрд теңге бөлінгені айтылады. Осылайша, қорғаныс бөгетінің құрылысы 2016 жылы басталды. 2018 жылы толықтай аяқталатын бөгеттің биіктігі 3 метр, ұзындығы – 1500 метр болады.
Айта кетелік, Сарайшық – Алтын Орданың алғашқы сауда орталықтарының бірі болған. Кейін Ноғай Ордасының астанасы атанды. Жеті хан жерленген Сарайшық тарихи қалашығы Атырау қаласынан 50 шақырым қашықтықта, Махамбет ауданы Сарайшық селосында орналасқан.
Бек Әзберген