ATPress.kz. 5 желтоқсан. Жайдарман ойындарында өзіндік ізі мен жанкүйерлері қалыптасқан «Сағыз» жайдарман командасы жақында республикалық жоғары лига ойындарының финалына қатысты.
Астана қаласында өткен финалдық ойынға «Сағыздан» бөлек «Сырдария», «Байдың балалары», «Элемент», «Шымкент жастар құрамасы» командалары өнер көрсетіп, биылғы маусымды қорытындылады. Негізі көпшілік осы маусымда «Сағызды» чемпион болады деп күткені рас. Алайда, бұл маусым жерлестер үшін сәтсіз аяқталды. Ойын соңында қазылар алқасының шешімімен чемпион болып «Сырдария» құрамасы танылса, екінші, үшінші орындарды «Байдың балалары» мен «Элемент» командалары өзара бөлісті. Ал, «Үздік ойыншы-2017» атағы сағыздық Қуаныш Кеңеске берілді.
Осы орайда, айта кетейік 2009 жылы құрылып, сегіз жылдан бері жайдарман сахнасында өнер көрсетіп жүрген сағыздықтар бұл олардың соңғы маусымы екендіктерін айтуда. Бұл туралы команда капитаны Қуаныш Кеңес өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Халықтың ықыласын алдық, «Көрерменнің сүйіктісі» атандық. Басты мақсат осы. Біздің жайдарман маусымындағы ойынымыз осымен тәмам» деп жазды. Ендеше он жылға жуық аудан намысын облыстық, республикалық дәрежедегі ойындарда абыроймен қорғаған «Сағыз» құрамасының ойыншыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Дулат Мәтжанов