Еліміздегі жас жазушылар мен ақындарға енді Президенттік арнаулы әдеби сыйлық беріледі. Лауреаттар 4 номинация бойынша анықталмақ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Facebook-тегі парақшасында жазды. Сөзінше 4 номинацияға жеке-жеке қаржылай сыйақы берілмек.
“Лауреаттар төрт номинация бойынша анықталады. Бұл "Проза", "Поэзия", "Драматургия" және "Балалар әдебиеті". Әр номинация жеңімпазына 4 млн теңге сыйақы және "Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың лауреаты" атағы, диплом және төсбелгі беріледі. Әдеби сыйлық жас қаламгерлерді қолдауға, қазақ әдебиетінің жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған. Өтінімді қабылдау бір айға жалғасады”, - деп жазады министр.
Сондай-ақ, ол әдеби сыйлыққа 18-35 жас аралығындағы қаламгерлер үміткер бола алатынын, әрі өтінімдер 2023 жылғы 1 маусымнан 30 маусымға дейін, қағаз және электронды нұсқада қабылданатынына тоқталған.
Басты талап - ұсынылған жұмыс осыған дейін халықаралық және ұлттық байқауларға қатыспаған, тың туынды болуы керек.