Құрманғазы ауданының Асан және Ғизат Әліпов ауылдарында 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, жоба бойынша мәдениет үйі грим, кітап сақтау, оқу, әкімшілік, ойын, күту және қосымша техникалық-санитарлық бөлмеден тұрады.
- «ҚұрылысТаймКонтракт» ЖШС қыркүйекте құрылыс жұмыстарын бастады. Қазір Ғизат Әліпов ауылында жер учаскесі дайындалып, іргетасын құю жұмыстары жүріп жатыр. Ал Асан ауылында жер учаскесін дайындалып, құрылыс материалдары тасымалдануда. Екі ауылға да 10 жұмысшы, 1 эксковатор-погрузщик, 1 камаз, 1 манипулятор жұмылдырылған, - деді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жасұлан Сүндетов.
Анықтама үшін: Асанда 582, Ғизат Әліпов ауылында 487 тұрғын бар. Мәдениет үйлері пайдалануға берілгеннен кейін аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің теңгеріміне беріледі. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың екінші тоқсанында аяқталады деп күтілуде.
Сәуле МАҒАУ