Индер ауданындағы ауыл шаруашылығы саласының негізі суландыру жүйесімен қамтамасыз етіп отырған каналдарға тікелей байланысты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Аудан бойынша жалпы көлемі 313 шақырымды құрайтын 4 канал бар. Атап айтқанда, Бағырлай каналы 105, Ақсай каналы 80, Алғабас-Жорық каналы 75, Құрайлы сай каналы 53 шақырымды құрайды.
Каналдарға жөндеу жүргізу шаруалар тарапынан қойылып отырған негізгі сұрақтардың бірі. Осы орайда жоспарланып отырған жұмыстарға тоқталсақ, ұзындығы 75 шақырым болатын "Алғабас-Жорық" каналы 2020 жылы күрделі жөндеуден өтті. Биылғы жылы жай жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деген жоспар бар. Ал, Көктоғай ауылдық округіне қарасты 80 шақырымдық "Ақсай" каналына жөндеу жұмыстары жүргізілуде, биыл аяқталады. Ұзындығы 105 шақырымды құрайтын «Бағырлай» каналы мен 53 шақырымдық “Құрайлы сай” каналдарына жүргізілетін жөндеуге қатысты конкурс өткізіліп, жеңімпаз анықталды. Ауа райы жылынысымен жұмыстар басталады.
Жалпы Индер ауданы бойынша жоғарыда аталған жұмыстарға мемлекет тарапынан жалпы көлемі 3 млрд. 100 млн. теңгені құрайтын қаражат жұмсалатын болады.