Биыл Атырауда 14 700 оқушы мектеп табалдырығынан аттайды. Олардың 85%-ы қазақ сыныбына, 15%-ы орыс сыныбына орналастырылды. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова айтты, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Орынтай Биманованың айтуынша, облыстың 60 елді мекенінде 5 821 баланы тасымалдау қарастырылған. Оған 21 автобус сатып алынады.
"Биыл тасқыннан зардап шеккен Жылыой ауданында 10 мектептің жетеуіне орташа, біреуіне күрделі жөндеу басталды. Оған қоса, екі жаңа мектеп салынады. Биыл 201 мектепте барлығы 58 600 тегін тамақпен қамтылады. Өңірде ерекше білім беруді қажет ететін 7 385 бала бар. Сонымен қатар, 3140 бала мемлекеттік балабақшаларда, орта білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алуда",-деді О.Биманова.
Атырау облысы білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек Таишевтің айтуынша, қазір мектептер 89% интернетпен қамтылған.
"Қазір 5 білім беру объектісінде күрделі жөндеу жүруде. Бұл мектеп оқушыларының уақытша оқу орны белгіленді. Ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептердің 98%-да жұмыс аяқталды. Мектептердің 80%-ның бейнебақылау жүйесі полицияның немесе аумақтық ішкі істер органдарының жедел диспетчерлік пунктіне қосылған, 90,2% -ы дабыл түймесі орнатылған. Сонымен қатар, мектептердің 76%-ында әдістемелік нұсқаулардың талаптарына сәйкес келетін турникеттер орнатылған," - деді Б.Таишев.