Назар аударыңыз!: Баланы терезеден құлаудан қалай қорғауға болады

Атырау облысында соңғы екі жылда 10-нан астам балалардың терезеден құлау жағдайлары тіркелді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бала қандай жарақат алса да жүректі ауыртады. Ал соның ішінде терезеден құлау жайттары азаяр емес. Мұндай қайғылы жағдайлар көбінде күн жылына салысымен көбейе бастайды. Өйткені терезе ашып, үйдің ауасын тазартуды мақсат етеміз. Көп ретте ата-аналар масаның кіруіне қарсы қойылған арнайы торға сеніп жатады. Мамандардың айтуынша,  ол баланың салмағына шыдас бермейді.

Өкінішке қарай, бұл мәселе жылда өзектілігін жоғалтпайды. Жоғарыдан бар екпінімен жерге құлаған балалардың көбі көз жұмады. Мәселен, 2021 жылы «Нұрсая» шағынауданында көпқабатты тұрғын үйдің алтыншы қабатынан сәби құлап кетіп, қаза болды. Оның анасы қызын үйде жалғыз қалдырып, өзі сыртқа шығып кеткен. Осы уақытта  кішкентай қыз терезеге шығып, масаға қарсы торға сүйенбекші болған. Сәби түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілгенімен, оны құтқару мүмкін болмады.  

Былтыр қыркүйек айында Құлсары қаласында төртінші қабаттан 9 жасар бала абайсызда құлап кетті.  Ол ауыр жағдайда олыстық ауруханаға жеткізілді. Ал бір  күнді артқа тастап Атырау қаласында үш жасар бала ата-анасының қарауынсыз қалып, екінші қабаттан құлады. Ол да түрлі жарақат алып, ауруханаға жатқызылған.

Көп ұзамай егіз қыздар қаладағы көпқабатты үйлердің бірінің үшінші қабатынан құлады.

Соңғы екі жылда өңірде 10-нан астам баланың терезеден құлау жайттары орын алды. Оның үшеуінің өмірі үзілді.

Құтқарушылардың айтуынша, мұндай төтеннен болатын жағдайлардың басты себебі – терезелердің  қауіпті болуында. Яғни кез келген баланың оны ашып алуға күшінің жетуінде.

«Әсіресе масаға қарсы торлар қауіпті күшейте түседі. Бала терезені ашқан кезде торға сүйенемін деп ойлайды. Ал ол сәбидің дене салмағын көтере алмайды. Сондай-ақ, терезенің қасында үстел, керует секілді заттар да қауіпті азайтпайды. Ата-анасы жанында кезде балаларда қорқу, қауіпті түсіну деген сезім болмайды. Бір минут қараусыз қалуының өзі жеткілікті», - деп түсіндірді төтеншеліктер.

 

Фото ашық дереккөздерден алынды

Мира НҰРТАЕВА