Жас кәсіпкер Әлібек Жұмағалиев Махамбет ауылында шағын кинозал ашты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Ол осы жоба арқылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін 1 млн 225 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. Бұл туралы аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім етті. Аудан орталығындағы «Бизнес-инкубатор» ғимаратында орналасқан жаңа кинозалдың көрермендері әр санаттан. Күндіз балаларға арналған қызықты мультфильмдер қойылса, кешкі уақытта ересектер, отбасымен, достармен жиналып, түрлі фильм тамашалап, бой жазып демалып қайтады. Билет бағасы балаларға 800 теңге, ересектерге 1200 теңгені құрайды.
- Әзірше залдың шаршы метрі 10 адамға ғана шақталған. Кәсібімізді енді ашып жатырмыз. Гранттан алған сомаға толықтай дерлік құрылғыларды, лед экранды сатып алдым. Залды дайындап, жөндеу жұмыстарын да жүргіздік. Әзірге фильмдерді арнайы форматтағы, жоғарғы сапада ғаламтордан алып отырмыз. Прокатқа бірден мүмкіндік болмады. Келушілер саны артып жатса, әрине кең орынға көшіп, үлкен кинотеатрлар сияқты жаңа фильмдерді алғымыз келеді,- деді Ә.Жұмағалиев.
Оның айтуынша, кинозалға келушілердің басым бөлігі мектеп оқушылары мен балалар. Әр сәрсенбіде аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін тегін көрсетілім ұйымдастырылады.
Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру грантын 30 адам жеңіп алды. Оның 15-і жастар болса, қалғаны осал топтағылар.