Құрманғазы ауданында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді

Жаңаталап ауылдық округі Хиуаз ауылы тұрғындарының көптен күткен арманы орындалды.

Ауданымызда халқы жағынан үшінші орынға шығатын, үш мыңның үстінде тұрғыны бар округ үлкен қуанышқа кенелді. Ұлыстың ұлы күні алдында, «Сабақты ине сәтімен» дегендей, 300 орындық қос қабатты жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді.

Республика төрінде өнер көрсеткен, облыстық, аймақтық байқаулардың бірнеше мәрте жүлдегері атанған Зәмзәм Исмағұлов атындағы халық театры бар ауылда мәдениет үйі жоғы көптен бері айтылып та, жазылып та, сыналып та келе жатқан еді. Құрылысты жүргізген мердігер мекеме – «Өмірзақ» ЖШС қысқа мерзімде сапалы, әрі тез аяқтап шықты.

Ауыл көркін айшықтаған, әсем безендірілген, көркі көз тартқан зәулім ғимарат алдына жиналған, жүздері балбұл жанған ауыл тұрғындарын аудан әкімі Марат Мурзиев құттықтап, «Өмірзақ» ЖШС-нан Айболат Айтқалиұлына Алғыс хатын ұсынды.

Хиуаз ауылы тұрғындары атынан мәдениет саласының ардагері Сәуле Марданова сөйлеп, ауылдан шыққан өнер тарландарын жылы лебізен еске алып, аудан басшылығы мен мердігер компанияға ризашылығын білдірді. Мәдениет үйінің символикалық кілті Жаңаталап ауылдық клубының меңгерушісі Жанар Төлегенқызына табыс етілді. Жаңа ғимараттың салтанатты лента қию рәсімі құрметіне Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Жаңаталап ауылының ақылгөй ақсақалдарының бірі Абдолла Күзембаев және аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талғат Жаудин ие болды.

Лента қиылғаннан кейін шашу шашылып, ұлттық киім киген әжелер мен қыз-келіншектер келушілерді ұлттық дәммен қарсылады. Қатысушылар ғимарат ішіне қадам басып, бірінші және екінші қабаттарын аралап көрді.                 

Айта кетейік, сән-салтанаты жарасқан жаңа мәдениет үйі үлкен қалалардағыдан кем соқпайды. Сыртының бір жақ шетінде Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова, екінші бөлігінде күй атасы Құрманғазы Сағырбаевтың суреті бейнеленіпті. Кіре берісінде жан-жағынан жарық төгілген үлкен дәлізі бар. Мұнда асхана, буфет, лифт орналасқан. Екінші қабатында жиналыс, өнер, би, сурет үйірмесі, директордың бөлмесі, дайындалатын үлкен дәліз, кітапхана, оқушылардың кітап оқу бөлмесі және басқалары орын тепкен.

Салтанатты шараға қатысушылар жаңа мәдениет ошағына көңілдері толып, концерт залына бет бұрып, «Өнерліні тоғыстырған құтты мекен» атты сазды бағдарламаны тамашалады. Алдымен бейнебаян көрсетіліп, «Дәулеткерей» музыка мектебінің ұстазы Руслан Исмағұлов жергілікті ақын Шалқар Сапарғалиевтің сөзіне жазылған толғауды орындады. Сазды бағдарламада «Қарлығаш» бишілер тобы «Дәулеткерей» музыка мектебінің шәкірттерінен құрылған ансамбль, әншілер Ермек Айсын, Қуаныш Ажыханов, Жазира Сарсенғалиева, Гүлзада Жұмалиева, Құралай Құдиярова және басқалары өнер көрсетті.

Қанат ҒҰМАРОВ