«AtyrauPress» тілшісі республикалық байқауда топ жарды

«AtyrauPress» (Atpress.kz) сайтының тілшісі Амандық Сағынтайұлы еліміздегі автожолдардың жай-күйіне арналған республикалық шығармашылық байқауда арнайы жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

ҚР Көлік министрлігі «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БАҚ өкілдері, блогерлер арасында автомобиль жолдарының жай-күйі және олардың сапасын арттыру бойынша үздік жарияланымға байқау жариялаған болатын. Биыл бесінші рет өткізіліп отырған конкурсқа бұл жолы барлығы 300-ге жуық материал түсіпті. Біздің редакция тілшісі Амандық Абдол конкурсқа бірнеше материал жолдап, жоғарыда аталған мекеменің Бас директорының арнайы сыйлығын ұтып алды. Ол арнайы дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ендеше, әріптесімізді жарқын жеңісімен құттықтаймыз!  

Айта кетейік, жыл сайын өткізілетін байқауға осы жылы жарияланған материалдар қатыстырылған. Конкурс төрт номинация – «Үздік телевизиялық сюжет», «Баспа БАҚ-тағы үздік жарияланым», «Интернет-БАҚ-тағы үздік жарияланым», «Әлеуметтік желідегі ең үздік жазба» бойынша өтті.

Ұсынылатын жұмыстардың санына шектеу қойылмаған. Қатысушылар тек бір ғана номинация бойынша мемлекеттік немесе орыс тілдерінде материалдар жолдауы қажет болды. Оларды «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының» өкілдері, құрметті жол қызметкерлері мен БАҚ өкілдері сарапқа салды.

«AtyrauPress» редакциясы