Атыраулықтар Туды қоқысқа тастаған шетелдіктерге шүйлікті (+ВИДЕО)

Атырауда қоқыста жатқан Мемлекеттік Тудың бейнежазбасы жұрттың наразылығын тудырды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 372-бабы, яғни, «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. 

«Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына (Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) сәйкес жариялауға жатпайды» делінген хабарламада.

Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталық басшысы Руслан Хамзаның айтуынша, еліміздің мемлекеттік рәміздерін қорлау – 3000 айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуге әкеліп соғады. Болмаса, кінәлі тарап сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, немесе 900 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Тіпті, екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығы шектеліп, не сол мерзiмге бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ