Білім күніне орай Атырау қаласының тұрғындары автобуста тегін қатынайды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы шаһар басшысы Шәкір Кейкин мәлім етті.
– Бұрыннан да мемлекеттік мереке күндері автобустарға тегін жүру акциялары іске алып келе жатырғанын өздеріңіз білесіздер, - деп жазды ол өзінің әлеуметтік парақшасында. – Осыған байланысты өзімнің тарапымнан оқу жылының алғашқы күнінің маңыздылығын ескеріп, ата-аналар мен оқушылардың, мұғалімдер мен басқа да қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында автобуста тегін қатынау туралы «Ақжайық», «Атырау», «Алғабус» автопаркі басшыларына ұсыныс білдірген болатынмын. Аталған автопарк басшылары ұсынысымды бірауыздан қолдап, 1 қыркүйек күні Атырау қаласы және қалаға қарасты елдімекендерге қатынайтын барлық маршруттағы автобустардың тегін қызмет көрсетеуге дайын екенін айтты. Осы орайда біркүндік акцияны қолдаған автопарк басшылары мен қызметкерлеріне барша қала тұрғындары атынан рақметімді айтып, мектеп табалдырығын аттағалы тұрған оқушыларды, ұлағатты ұстаздар мен ата-аналарды Білім күнімен құттықтай отыра, жаңа оқу жылына сәттілік тілеймін!
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ