Атырауға «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы келеді

Мамыр айының 25-і күні «Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойызы Атырау облысына келіп, маусымның 17-не дейін өңірдің бірнеше елдімекенін аралайды. Онда білікті дәрігерлер тұрғындарға медициналық көмек көрсетсе, заңгерлер мен медиаторлар құқықтық тегін кеңес береді.

 «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы – елімізде сәтті жүзеге асып келе жатқан жоба. Әлеуметтік жоба ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының әріптестігі негізінде іске асырылады.

Пойыз заманауи диагностикалық құралдармен, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дәрігерлік бригаданың құрамы мен медициналық пойыздың тұрғындарды қабылдау кестесін жоғарыдағы фотосуреттерді жылжыту арқылы көре аласыздар!
 
Медициналық пойыз дәрігерлері өңір тұрғындарын таңғы сағат 09.00-ден кешкі 18:00-ге дейін қабылдайды. Түскі ас уақыты: 13:00-14:00.
 
Айта кетейік, дәрігердің қабылдауына келетін тұрғындар міндетті түрде өзінің және баласының (баласын қаратқан жағдайда) жеке басын куәландыратын құжаттарын, сондай-ақ, медициналық құжаттары болған жағдайда, өздерімен бірге әкелуі қажет.