Атырауға 40 мың данаға жуық қызылшаға қарсы вакцина жеткізіледі

Атырау облысына біріктірілген вакциналар ККП – қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы 39 мың 900 данасы жеткізіледі, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Қазіргі кезде облыста вакцинаның  7 мың дозасы бар. Қараша айының 15-не дейін 39 мың 900 дозасы жеткізіледі деп күтілуде. Қосымша иммундауға 30 мың дана вакцина тапсырыс берілді», - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.

Еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова қызылша ауруының белең алуына байланысты балаларды қызылшаға қарсы қосымша иммундау басталатынын айтты. Өйткені науқастанғандардың  65 проценті 5 жасқа дейінгі балалар.  Жалпы алғанда, бұл "ковид" жылдары туған балалар.

Келесі аптада  елімізде 6-11 ай аралығындағы сәбилерді қосымша иммундау  басталады. Ал 2 жастан 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге желтоқсан айының басында вакцина егіледі. 

Айта кетейік, Атырау облысында 2-5 жас аралығында  65 мың 896, ал 6-11 жас аралығында  93 мың 863 бала бар. 
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, облыста 862 адам қызылша ауруын жұқтырған. 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА