Атырауда студенттер шұғыл қауіпсіз жерге көшірілді

Бүгін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің №2 жатақхана тұрғындарын шұғыл түрде эвакуациялады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Олар басқа оқу орындарының, атап айтқанда, АПЕК жоғары колледжі мен Атырау мұнай-газ университетінің жатақханаларына көшірілді. Бұған 1972 жылы салынған жатақхананың қабырғасына сызат түсуі себеп болып отыр. Облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары ғимаратты тексеріп, қауіпті деп таныған.

"Бірінші қабаттағы жарықшалар өткен жылдың соңында пайда болды. Ал, жақында ол ұлғайып, ішкі қабырға құлап қалды. Биылға күрделі жөндеу жоспарланып отыр" дейді аталған университеттің инфрақұрылым бойынша директоры Жалғасбай Шагиров.

Айта кетейік, бұл жатақханада жөндеу жұмыстары соңғы рет 2017 жылы жүргізілген екен.

Ләззат СӘЛІМОВА

Аударған: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ