Атырауда орыс тілінің мұғалімі тапшы

Атырау облысында 4 мектеп апатты жағдайда тұр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облысында үш ауысымда білім беретін 11 мектеп бар. Оның басым бөлігі Атырау қаласында орналасқан Бұл туралы «Halyq Uni» мәлім етті. Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, қалада мектептердің үш ауысымда жұмыс істеуіне халық санының көбеюі, көші-қон және орыс тілді сыныптарға сабақ беретін педагогтердің жетпеуі әсер еткен.

Бұған дейін Атырау облысында 10 мектептің үш ауысымда білім беретіні хабарланды. Кейінгі ақпаратқа сәйкес бұл қатарға тағы бір мектеп қосылған. Осылайша Атырау қаласындағы №2, №3, №32, №16, №17, №18, №22, №24, №39 орта мектеп пен Амандосов атындағы орта мектебі, Еркінқала орта мектебі үш ауысымда білім береді.

Облыс басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, бұл мектептердегі мәселе бірден шешілмейді. Мәселен 2021 жылы Береке ықшам ауданында 1 200 балаға арналған мектеп пайдалануға берілген, бұл №22, №24 үш ауысымды мектептің мәселесін ішінара шешкен. Тағы үш мектептің жанынан 250 орынға арналған нысан салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленген.

Атыраудың Нұрсая және Сарыарқа шағын ауданында екі мектеп оқу жылы басталар кезде пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұл 4 мың баланы қамтуға мүмкіндік береді. Екі мектеп ашылса, үш ауысымды 4 мектептегі мәселе реттеледі.

Еркінқала-2 ауылында 600 орын, Тасқала-2 ауылында 600 орынға арналған мектеп құрылысы №32, Амандосов және Еркінқала орта мектебіндегі үш ауысымда білім беру мәселесін шешеді, - деп хабарлады басқарма. Алайда бұл жерде жаңа мектептер қашан салынатыны нақтыланбаған. Алайда әкімдік 2025 жылға дейін өңірде үш ауысымда білім беретін бір де бір мектеп қалмайды деп отыр.

Атырау облысында 4 мектеп апатты жағдайда тұр. Қазір төртеуінің орнына жаңа нысанның құрылысы жүріп жатыр.

Атырау қаласындағы 300 орынға арналған Мағжан Жұмабаев атындағы №1 орта мектептің 70% дайын тұр, 2023 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі.

Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы Абай атындағы №5 300 орынға арналған орта мектеп 95% дайын, қыркүйекте оқушыларды қабылдайды.

Махамбет ауданы Махамбет ауылындағы 600 орынға арналған мектеп-гимназия 95% дайын, жұмыс қыркүйекте аяқталады.

Индер ауданының Есбол ауылындағы Қ.Есқалиев атындағы 320 орынға лайықталған орта мектеп 70% дайын, ол 2024 жылы пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ сот процестеріне байланысты Дамба ауылындағы 300 орынға лайықталған мектептің құрылысы тоқтап тұр.

2023-2024 оқу жылында 1-сыныпқа 15 200-ден аса бала қабылданды, оның ішінде орыс сыныбына 3 660 бала барады.

Алайда мектептерде бастауыштың орыс сыныптарына сабақ беретін мұғалім тапшы. Мысалы, қазір 85 маманның орны бос тұр. Сондай-ақ математикадан сабақ беретін 46 мұғалім қажет.

Облыста 201 мектеп бар. Басқарма ұсынған ақпаратқа сәйкес барлығы жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылған. Мектептерде де компьютер толық жетеді, бір компьютерді 6 бала қолданады.