Көптеген шаруа қожалықтарына пайда әкеле алатын бұл бастама ұрлық салдарынан одан әрі дами алмады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бір жыл бұрын Атырауда алғаш рет нан қалдықтары үшін арнайы жасыл бөшкелер орнатыла бастады. Бұл жоба әкімдік тарапынан да қолдауға ие болды. Мұнан соң жас кәсіпкер Арман Сағынаев жобасын іске асыруды қолға алды. Яғни ол несие алып, өз жобасын жүзеге асыра бастады. Бөшкелерді сатып алып, оларды өз қолымен жабдықтап бояды.
Қытайдан жабдыққа тапсырыс берді. «Нұрсая», «Авангард», «Привокзальный» шағынаудандарында және Сәтпаев көшесінде 50 жасыл бөшке түріндегі арнайы жәшіктер қойылды. Екі күн сайын бөшкелерден нан жиналып, сұрыпталып, кептіріліп, цехқа жіберіліп тұрды. Нан қалдықтарынан арнайы жабдықта ірі қара мен ұсақ малға арналған түйіршіктелген жем дайындалды. Дайын өнім шаруа қожалықтарына сатылып, сұранысқа ие болды.
Қазір бұл контейнерлер тұрған жерлерінде жоқ болып кетті. AtyrauPress редакциясы мән-жайды анықтау мақсатымен, Арман Сағынаевтың өзіне хабарласты. Оның айтуынша, ол ұрлық пен халықтың мәдениетсіз қарым-қатынасына байланысты бизнестің бұл бағытын жабуға мәжбүр болған.
«Біріншіден, қоқыс жәшіктерінің жанындағы жасыл бөшкелер тек нан қалдықтарына арналған. Кейбір қала тұрғындары нанмен қоса басқа тамақ қалдықтарын қалдырып жүрді. Ең сорақысы, өз аулаларында мал, тауық, қаз ұстайтын кейбір тұрғындар бөшкелерді бұзып, ішіндегісін алып кететін», - дейді жас кәсіпкер.
Атыраудың кейбір тұрғындарының мұндай әрекеті пайдалы істің тас-талқанын шығарды.
Қасиет Бахкерейқызы