Атырауда келер жылы ипотекалық несие арқылы 2000 пәтер беру жоспарланып отыр

Бұл туралы қалалық Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің тұрғын үй секторының меңгерушісі Рафхат Жолдиев мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Өңірде тұрғын үй кезегіне жиырма мыңға жуық азамат тіркелген. Оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер, әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы отбасылар бар. Сондай-ақ апатты деп танылған үйлердің тұрғындары да өз пәтерлерін кезегі келген кезде ғана ала алады.


- Өткен жылы кезекте тұрған 133 отбасы өз баспанасын алды. Сонымен қатар Береке ықшам ауданынан 645 пәтерді кезекте тұрған азаматтар «Шаңырақ» ипотекалық бағдарламасы арқылы алып, бүгінде сол пәтерлерге қоныстанды. Осы жылы Талқайран, Береке, Самал сынды ықшам аудандарда ипотекалық несие арқылы берілетін «Нұрлы жер» бағдарламасымен тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр, деді Р.Жолдиев.


Сондай-ақ аталған ықшам аудандардағы пәтерлердің құрылысы аяқталғаннан кейін «Атырау жастары» ипотекалық бағдарламасы арқылы баспана беріледі.

Қазір осы бағдарламаның тәртібі жасақталып жатыр және аяқталғаннан кейін талаптары әлеуметтік желілерге жарияланады.