Естеріңізге сала кетейік, 6 сәуір күні 16 жастағы Әсемай Қазбекова үйінен белгісіз бағытта шығып кеткен еді. Оны іздестіру шаралары бірнеше күнге созылды. Өкінішке қарай, қыздың көпірден секіріп, суицид жасағаны белгілі болды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл қайғылы оқиға жайлы волонтер Сандуғаш Кукенова өзінің Facebook парақшасында жазды. Жас қызды іздеуге ол да атсалысқан еді.
«Көшедегі бейнекамералардағы жазбада Әсемайдың көпірге қарай кетіп бара жатқаны түсіп қалған. Әрі қарай не болғанын білмейміз. Бар үмітіміз жеке үйге орнатылған бейнекамерада болды. Алайда оның қожайыны бірнеше күн үйінде болмады. Бүгін (10 сәуір – автор) ол үйіне келіп қыздың әкесі видеоны көре алды. Өкінішке қарай, онда Әсемайдың көпірден секіріп кеткені видеоға түсіп қалған », - деп жазды Сандуғаш Кукенова.
Айта кетейік, қызды іздестіруге волонтерлар мен халық қалаулылары атсалысты. Бұған дейін облыстық мәслихаттың депутаты Надежда Шильман өзінің Facebook парақшасында Әсемайдың соңғы рет фотоға түсіп, көпірден секірер алдында «Қош болыңдар» деп жазғаны туралы пост жариялады.
Ал полиция қызметкерлері Әсемайды әлі де іздестіру шаралары жалғасып жатқаны туралы хабарлады.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА