Жаңа оқу жылы қарсаңында Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Нұрхат Оразбаев білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қызметтерді тексерді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Мектептердегі интеграцияланған бейнебақылау камералары мен дабыл батырмаларының жұмысын Жедел басқару орталығы мен мектептерге арнайы барып бақылады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін күзет қызметтері мен бағыттама алған полиция қызметкерлерінің жылдам әрекеті де тексерілді.
"Оқу жылы басталмас бұрын мектептердегі камералардың барлығына зерделеу жүргізілуде, тал-теректер немесе өзге де заттардың ықпалымен бейнекамералардың көрінуіне кедергілер болмауы керек. Балалардың мектептерде қауіпсіз білім алуын үйлестіруші барлық тараптың осы бағыттағы жұмыстарды бірлесіп ұйымдастыруы үшін кешенді іс-шаралар жүргізілуде" - деді, өңірдің бас полицейі Нұрхат Оразбаев.
Атырау облысы аумағында 158 мектептің бейнебақылау жүйесі Жедел басқару орталықтарына тікелей интеграцияланып бақылануда, 149 мектепте дабыл батырмалары жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарына жақын орналасқан тасжолдардағы жол белгілері де тексеріліп, жергілікті атқарушы органдардарға берілген нұсқама негізінде жаңартылуда.