Атырау облысында есірткі жарнамалайтын 20-дан астам граффити өшірілді, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Есірткі сатушылар саудасын оңтайлы жүргізу үшін неше түрлі әдістерді ойлап тауып жатыр. Соның бірі - жарнама ретінде граффити салу кең етек алды. Қабырғаларға түрлі кескін салу арқылы есірткі затын жарнамалап, оны қайдан және қалай алуға болатыны туралы жасырын ақпарат беріледі.
Осындай әрекеттерді алдын алу мақсатында 11 сәуір күні қала аумағында "Жастар Рухы" Атырау белсенділері мен Атырау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерінің қатысуымен есірткі құралдарын жарнамалау жүзеге асырылатын сайттарға сілтемелері бар тыйым салынған жазуларды бояу бойынша рейдтік іс-шара жүргізілді.
Бірлескен іс-шара барысында есірткі туралы заңсыз жарнамасы бар 20-дан астам граффити жойылды.Осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.
Айта кету керек, Қазақстанда есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді насихаттағаны және заңсыз жарнамалағаны үшін Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Сондықтан полицейлер есірткі заттарының граффити - жарнамасына куә болған адамдардан "102" операторының пультіне немесе Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының сенім телефоны (8702-318-02-66) арқылы дереу хабарлауды сұрайды.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА