Атырауда екі бала канал суына құлап, оның бірі мерт болды

Атырау облысында ойнап жүрген екі бала канал суына құлап кетті. Олардың бірі мерт болды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің берген ақпаратына сәйкес, бұл оқыс оқиға  14 наурыз күні  Құрманғазы ауданының Бірлік ауылында болған.

Сол күні түнгі сағат 21:20-да Бірлік ауылында ойнап жүрген балалардың екеуі канал суына құлап кеткен. Соның салдарынан 10 жастағы бала суға батып, көз жұмған. Ал 7 жасар баланы ауыл адамдары құтқарып алған.

Құтқарылған бала аудандық орталық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр.

Баспасөз қызметі берген ақпарат бойынша қазір бұл оқиғаға қатысты тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.