Атырауда азаптаумен айналысқан полицейлердің ісі сотқа жолданды

Атырау облыстық прокуратурасы азаптаулар жасады деген күдікпен Атырау қалалық полиция басқармасының 5 жедел уәкіліне қатысты қылмыстық істі сотқа жолдады, деп хабарлайды AtyrauPress Атырау облысының прокуратурасына сілтеме жасап.

 Олар биыл ақпан айында алдын ала сөз байласып азамат Р-ға қылмысты мойындату мақсатында анықтаудың рұқсат етілмеген әдістерін қолданған. Атап айтқанда олар дене жарақаттарын салып, психикалық зардап келтірді деген күдікке ілінді.

Полиция қызметкерлеріне қатысты ҚР ҚК-тің 146-б. 2-б. 1-тармағы бойнша қылмыстық іс қозғалған.

Айта кетейік, биыл қаңтардан бастап азаптаулар туралы қылмыстарды тек прокуратура органдары тергейді.

«Еліміздің Ата заңы кепілдік бергендей, ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды және заңды негіздерді қоспаған жағдайларды қылмыстық қудалау орбитасына тартуға жол берілмейді», - делінген хабарламада.

Естеріңізге салсақ, ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында азаптауларды барлық прогрессивті қоғамның қағидаларына қайшы келетін орта ғасырлардан қалған жабайылыққа теңеді.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА