Атырауда алғаш рет: Көпқабатты үйлердің қас беті мен шатыры жаңарады

Облыс орталығындағы 18 көпқабатты үйдің қас беті мен шатыры жаңартылады, деп хабарлайды AtyrauPress.

Сыртқы әлпеті мен шатыры жаңаратын үйлердің қатарында 18 баспана бар. Олар: Тайманов даңғылындағы №58, Құлманов көшесіндегі №107 және «Алмагүл» шағынауданындағы №№1, 2, 3, 4, 5, 14, 15, 16, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 23, 24 көпқабатты үйлер. Мұны жүзеге асыру барысында тұрғындардан бір тиын да алынбайды.

Қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Бахтияр Хамидуллаевтың айтуынша,  жұмыстар 2020 жылы «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына енгізілген өзгерістер негізінде жүзеге асады.

«Нормаға сәйкес қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары жергілікті бюджет қаражаты болған кезде елді мекенге бірыңғай сәулеттік көрініс беру үшін тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеуді қаржыландыра алады. Мәселен, Құлманов пен Тайманов көшелері қаланың орталықта орналасқан жолдары болып саналады.  Әрі Исатай мен Махамбет атындағы орталық алаңға жақын. Ол жердегі үйлердің сырты тозған. Ал «Алмагүл» шағынауданында  қазір аулаларды көріктендіру және көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Оған қоса үйлердің қас беті де жөнделсе, көрікті шағынауданға айналады», - деді Б.Хамидуллаев.

Орталық алаңдағы көпқабатты үйлер сәулеті бойынша бірыңғай болады. Яғни, олардың жанынан ірі компания салған үйлердің қасбетімен бірдей етіп теңстіріледі. Ондағы ғимараттар ашық түсті фиброцементпен қапталған. Бұл жұмыстардың арзан шықпайтыны да түсінікті.

Айта кетейік, Құлманов көшесіндегі №58-ші үйдің демонтажы аяқталды. Тайманов пен Құлманов көшелеріндегі қос үйдің жөндеу жұмыстарымен «Жайық Сити» ЖШС айналысып жатыр. Екеуіне 589 млн астам теңге бөлінген. Ал «Алмагүл» шағынауданындағы көпқабатты үйлерді жаңартумен «Ер-Нұр Строй и К» ЖШС және «Сенім» ЖШС айналысады.  Онда бір үйге жұмсалатын қаржы – 20-30 млн теңге. Ол жақта қатты желдің салдарынан түсіп қалған қасбетінің бір бөлшегі қалпына келтіріліп, боялады.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА