Атырауда алаяқ 40 адамды жұмысқа орналастырамын деп алдаған

Атырауда жұмысқа орналастырып беремін деп 40 адамды алдаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облысы полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қаңтар-наурыз айларында тұрғындарды жұмысқа орналастырып беремін деп алдап, қомақты ақша қаражатын жымқырған 1988 жылы туған күдіктіні анықтап, ұстаған. Күдікті тұрғындарды ірі мұнай компанияларына жұмысқа орналастырамын деп әр адамнан 100-150 мың теңге көлемінде ақша қаражатын алып отырған. Нәтижесінде 40-қа жуық қала тұрғынының 4 млн-ға жуық теңгесін алаяқтық ниетпен қолды қылған.

Аталған факті бойынша 1988 жылы туылған күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу әрекеттері жүргізілді. Қазіргі таңда күдікті өз кінәсін толықтай мойындап уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, 40 эпизодты қылмыстық іс сотқа жолданды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ