Атырау қаласында әкесі мен баласы шомылу кезінде суға кетті, деп хабарлайды ATPress. kz.
Атырау облысы ТЖД-нің Қоғаммен байланыс тобының берген ақпараты бойынша, 25 тамыз күні сағат 16.08-де Атырау облысы полиция департаментінің кезекшісінен Жайық өзенінде ер адам мен баланың суға батып бара жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына шұғыл жеткен құтқарушылар 1995 жылы туған ер адамды (әкесін) және 2013 жылы туған баланы (ұлын) іздестіре бастады. Олар шомылуға рұқсат етілмеген жерде суға батып кеткен.
Көп ұзамай, сағат 16.35-те ТЖ департаментінің күшімен ер адамның денесі табылып, судан шығарылды. Мұнан соң сағат 18.44-те баланың денесі табылды.
Іздестіру жұмыстарына Атырау облысы ТЖ департаментінің 4 қызметкері, 1 жүзу құралы, Атырау облысы полиция департаментінің 10 қызметкері, 2 техникасы жұмылдырылды.