Асхан Байдуәлиев жаңа қызметке тағайындалды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы болып Асхан Мархабайұлы Байдуәлиев тағайындалды, деп хабарлайды AtyrauPress.

"Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысын таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі. Жауапты басшылық лауазымдарда үлкен жұмыс тәжірибесі бар екенін атап өтті. Сонымен қатар басқарманы 3 жылдан бері басқарып келген Марат Пашимовқа құрмет көрсетіп, алғыс айтты" делінген Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Байдуәлиев Асхан Мархабайұлы – уролог дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі. 1972 жылы Кентау қаласында дүниеге келген.

Еңбек жолын урология және жедел нефрология кафедрасының ассистенті болып бастаған. Алматы облысы, Қарасай аудандық емханасының директоры, Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің қосымша кәсіптік білім беру орталығының басшысы болған. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің клиникалық жұмыс департаментінің директоры және Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2020 жылдан бері Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасын басқарған.

Эльмира АЙНАБЕКҚЫЗЫ.