Үйден шықпай-ақ, мемлекеттік қызметті пайдаланады

Атырауда әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен өңірде әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мәлім етті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

- Биыл желтоқсан айында Министрліктің «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы екі мемлекеттік қызметі іске асырылғанын хабарлаймыз. Олар «Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу» және «Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу». Бұған дейін аталған мемлекеттік қызмет бойынша «электрондық үкімет» веб-порталында қандастар санаты үшін электронды нысанда алу мүмкіндігі іске асырылған болатын. Енді қоныс аударушылар санаты үшін электронды нысанда алу мүмкіндігі іске асырылып отыр. Осылайша «электрондық үкімет» веб-порталында «Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу» мемлекеттік қызметі электронды түрінде толығымен іске асырылды. Ал «Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» мемлекеттік қызметі бойынша Министрлікпен реинжиниринг жүргізілді. Оның шеңберінде мемлекеттік қызмет көрсету үшін құжаттар тізбесі қайта қарастырылды және «Әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтерді көрсетудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 25 наурыздағы № 84 бұйрығына тиісті өзгерістер енгізілді,- деді А.Мәмбетов.

Оның айтуынша, «мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» мемлекеттік қызметі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Аталған қызметті жеке жоспар бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жергілікті атқарушы өкілді органдар айқындайтын тәртіп пен мөлшерлерде мүгедектігі бар баланың үйде оқу фактісін растайтын оқу орнының анықтамасы негізінде жүргізеді.