Мұқырлықтардың мұңын тыңдады (+ВИДЕО)

Бүгін Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұханов Мұқыр ауылының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, жаңадан пайдалануға берілген №2 орта мектебінің акт залында өткен жиында әдеттегіше аудан басшысы Мұқыр ауылдық округі бойынша проблемалық мәселелердің шешілу жолдары бойынша жасалған жұмыстарға тоқталды. Аудан әкімінің хабарламасына сүйенсек, Мұқыр ауылының халқына ауыз су жеткізу сапасын жақсарту мақсатында «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырына қайта жаңғырту» жобасы дайындалып, Жамансор ауылы бойынша, су айдау стансасы, 3 дана 100 м3 резервуар, 1 дана 50 м3 су мұнарасы, су желісінің ұзындығы-665 м, 228 м электр желісі, 1 дана КТП-40/10/0, 4 трансформатор орнату көзделген. Сол сияқты, құны 86,3 миллион теңгенің «Мұқыр ауылындағы су айдау стансасын қайта жаңғырту» жобасы жасақталып, аталған жоба жүзеге асқанша қажетті бөлшектер алынып жұмыстар жүргізілетін болады. Сонымен қатар, Соркөл, Сарықұмақ елді мекендері бойынша су құрылысын салушы мердігер мекемелер анықталды. Құрылыс жұмыстарын биыл бастап, аяқтау жоспарлануда. Тасқұдық елді мекемені бойынша, мердігер мекемені анықтау үшін мемлекеттік сатып алу порталына конкурс жарияланды.
Мұқыр мен Жантерекке электр желілері тартылды

 Мұқыр, Жантерек ауылдарын электр желісімен жабдықтау құрылысы бойынша, бағаналар қондырылып, электр желілері тартылды. Ақпан айында құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал, Кенбай елді мекенін электр желісімен жабдықтау құрылысының жобасына өзгеріс енгізілуде. Ақпан айында сараптамадан шығып, шілде айында пайдалануға беріледі. «Мұқыр (4,7 км) ауылының кірме және ауылішілік автокөлік жолын жаңғырту» жобасын аяқтау үшін облыстық бюджеттен қаңтар айында сараптамадан шыққан құны бойынша қаражат сұратылса, "Мұқыр ауылының ауылішілік автокөлік жолдарын қайта жаңғырту" (6,0 км) жобасында көрсетілген сайдың ішімен өткізілген жолды сайдан айналып өтетіндей етіп өзгерту үшін жобаға өзгеріс енгізілуде. Биыл жұмыстар жалғасады. Кенбай елді мекеніне кірме және ауылішілік автокөлік жолдарын қайта жаңғырту жұмысы биыл аяқталып, пайдалануға беріледі. Мұқыр ауылының кірме жолын, М.Сұлтанов, М.Даулетбаев, 4-ші, 5-ші ауылдарының көшелерін жарықтандыру (6,8 км) бойынша мердігер анықталды. Мамыр айында пайдалануға берілетін болады. Әйтсе де, осы ауылдағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы (электрмен жабдықтау) 95 пайызға аяқталғанымен, электр бағаналарының жарылып, аппатты болуына байланысты, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз берілді. Қазіргі таңда сот отырыстары жүргізілуде.

 - Мұқыр ауылында жыр болған мәселелердің бірі – 400 орындық мәдениет үйінің құрылысы. Өздеріңізге мәлім, 2017 жылы құрылысы басталып, 2021 жылы шарт бір жақты бұзылды. Биыл жобалық-сметалық құжат жасақталып, құрылыс жұмыстары басталып, 2024 жылы аяқталады. Сондай-ақ, биыл осы округте әлеуметтік әріптестік арқылы спорт кешенінің құрылысы басталады. Ал, 160 орындық балабақша салу үшін жобалық-сметалық құжат жасақтап, келесі жылы құрылыс жұмыстарын бастауды қажет етеді. Спорт мектебіне жөндеу жұмыстары үшін әуелі биыл жобалық-сметалық құжат дайындауға қаржы бөліп, жобаны сараптамадан өткізу қажет. Мұқыр ауылындағы вокзалға перрон салу мәселесі бойынша Мұқыр ауылдық округі әкімінің қолымен «Қазақстан темір жолы – Жолаушылар тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Батыс» филиалының басшысы С.Б.Беркімбаевқа ұсыныс хат жолданды. Биыл тұрғын үймен қамту мақсатында осы округтен 8 тұрғын үй сатып алу жоспарланып отыр. Ауыл ішілік жол құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжат жасақталады. Басын ашып алатын мәселе - Доссор кентіндегі С.Шәріпов атындағы мектеп интернатында оқитын Жамансор ауылының оқушыларын демалыс күндері үйлеріне автокөлікпен тасымалдау мәселесі бойынша Мақат ауданы әкімдігі арқылы мүмкіндігіне қарай екі аптада бір рет апарып-алып келу мүмкіндігі қарастырылады. Әйтсе де, Жамансор ауылы Мұқыр ауылдық округіне қарасты болғандықтан оқушыларды неге осы округтегі екі мектептің біріне оқытпаймыз деген ой туындайды. Егер бұған ата-аналар келісіммен қарар болса, біздің тарапымыздан автокөлік ұйымдастырып, апарып-алып келу мүмкіндігін қарастырайық. Жалпы, қай округтегі мәселелердің бәрі басты назарымызда. Мүмкіндікке қарай тұрғындардың талап-тілектерін орындау бағытында жұмыстар атқарылып келеді. Әлі де атқарылатын болады, - деп түйіндеді аудан басшысы хабарламасын.

 Бір қызығы - аудан әкімінің аталмыш округ тұрғындарымен кездесуінде округ деңгейінде шешілетін ұсыныстан басқа, аудан деңгейінде шешілетін ұсыныс-пікірлер айтылған жоқ. Соған қарағанда, аудан басшысы тарапынан халықтың талап-тілегіне сай нақты жауаптардың берілуі көңілге қонымды болды-ау деп топшыладық. Қос округтегі кездесуден кейін аудан әкімі Қанат Әзмұханов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, заңдылыққа сай жауап берді.