COVID-19: «Екінші толқынға» дайынбыз ба?

Біреулер «болуы ықтимал», басқалары «орын алмайды» деген «екінші толқын бола қалаған жағдайда, оған қарсы уәж айтатындай дәрежеге жеттік пе?  Ресми орындарымыз «бәрі керемет!» дейтін, ал халық болса, түрлі фейк- ақпараттарға сене салатын парадокстан арылдық па осы біз? Бүгін осы індеттің аймақтағы «өткен күндеріне» зер сала шықсақ қайтеді?!

Әлем және COVID-19

COVID-19. Атауын естігенде тұтас әлем алаңдап қалатын вирустың желі Қазақстанға қарай соққан сәттен, билік өре түрегелді деп айту қиын. Қазақстан түгелі әлем алпауыттарының өзін абдыратқан алапат алдында дәрменсіз екенімізді түсіндік. Сол себепті де Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы (ДДСҰ) емдеу протоколдарында алдын алу тәсілдерін тізіп жазып, басты назарды гигиеналық тазалық пен санитарлық ережелерге қарай бұрғанымыз бар. Ал бұл уақытта коронавирус әлемнің әр түкпіріне жетіп үлгерді. Аз уақыттан соң ДДСҰ COVD-19 вирусын әлемдік пандемия деп жариялады. Дүниежүзінің көптеген елдері карантиге жабылып жатты. Біздің ел болса...



Жұмыла көтерген жүк...
Бұл ретте біздің елде де күшейтілген карантин режимі, екі апталық локдаун шаралары қабылданды. Қазақстанның әр аймағында қосымша амбулаториялар мен стационарлар бой түзеп, ауруханалардың материалдық техникалық базасы заманауй медициналық құрылғылармен барынша күшейтілді. Дәрігерлер мен медициналық персонал саны артты. Жалпы қазақстандық билік те, қатардағы азамат та пандемиямен күресте шет қалмады. Бірақ дүниежүзінің әлі келмеген ауруға, Қазақстанның да қауқары жете қойған жоқ. Тіпті алыс-жақын шетелден де гуманитарлық жүктер жеткізілді. 


Не? Қанша? Қайдан?

Індет Қазақстанға дендеп енгелі бері, ДДСҰ оны пандемия деп классификациялағаннан кейін, әлем алпауыттары дамушы және үшінші әлем елдері санатындағы мемлекеттерге гуманитарлық көмектерін жібере бастады. Алғашқы болып Қазақстанға көмек қолын созған АҚШ және ДДСҰ болатын. 13 наурыз күні арнайы рейспен жеке қорғаныш құралдары жеткізілді. Іле-шала Қытайдан тесттер, жеке қорғаныш құралдары және дәрілік препараттар тиеген әуе борты гуманитарлық жүкті, Алматыға 2 сәуір күні жеткізді. Бұдан өзге Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Үндістан мемлекеттері мен Alibaba Foundation, «A.N.P.» LTD, Sandoz, UNISO, Miniso, China Construction Bank, Abdi Ibrahim Turkey сынды алпуыт компаниялар өз көмектерін ұсынды. Бұл пандемияны ауыздықтау жолында айтулы рөл атқарған, ел аумағына кірген гуманитарлық жүктің тек бір бөлігі ғана. Бұл ретте Атырау өңіріне де алыс жақын шетелден тонналап гуманитарлық көмектер келді. Арғысы Кәрі құрлық пен АҚШ үкіметі мен қоғамдық қорлардан, бергісі көршілес Ресей, Өзбекстан және Қытайдан жөнелтілген. Ал, олар қайда және қалай таратылып жатыр?



Жүк көлігінен қоймаға дейін
Облыс аумағына кірген жүк облыстық әкімдіктің, күштік құрылым өкілдерінің және қоғамдық бақылау тобының жіті қадағалауында болады. Жүкті күтіп алу алгоритмі де жоқ емес. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері, әкелінген заттарды толық тексеріп, қабылдап алады. Дәрілік препараттардың жарамдылық мерзімі мен химиялық құрамы, қорапшалар мен жәшіктердің пломбалары мен мөрі жіті тексеріліп барып, қабылдау актісіне қол қойылады. Бұл жерде бастысы нақты есеп пен асқан қырағылық қажет. Одан кейінгі кезекте жүкті Геолог елді мекенінде орналасқан қоймаға орналастыру жұмыстары тұр. Гуманитарлық көмекті күтіп алу, қоймаға орналастыру және санау процесіне 50-ге жуық волонтер тартылған. Олардан талап етілетін басты қасиет ұқыптылық пен тиянақтылық. Өйткені жүкті қоймаға орналастырудың да өз ерекшеліктері бар. Біріншіден, әр елден келген жәшіктер бөлек жиналады. Себебі инвентаризациялау кезінде келген көмектің көлемі нақты болуы шарт. Одан кейін дәрілер мен жеке қорғаныш құралдары типтері мен атауларына байланысты сұрыпталады. Мұндай жұмыстар ұзақ уақытты алады дейді құзырлы мекеме өкілдері. Бірақ, қазір жұмыс жүйеленген. Медициналық мекемелерге дәрі-дәрмек те, өзге құралдар мен қажеттіліктер де дер кезінде жеткізіліп жатыр.



Дәрілер «жоғалып» кетпеу керек

Гуманитарлық жүкті күтіп алу, олардың мәліметін, санын, көлемі мен жарамдылық мерзімін хаттамаға сәйкес қабылдап алып, қоймаға орналастылғаннан кейін, жұмыстың негізгі, екінші кезеңі басталады. Әкелінген қораптар ашылып, ішіндегі текшелеп салынған әрбір қорапшаға «Тегін таратылады» деген мөр басылады. Себебі жеткізілген гуманитарлық дәрі-дәрмектің әр таблеткасы есепте тұруы шарт және ем қабылдап жатқан науқастарға тегін таратылуы керек. Олардың қолды болып кетпеуін қадағалау қиын, сондықтан сыртына «Сатуға болмайды» деген таңба салынады. «Қазіргі қысылтаяңда, халықтың мүддесінен гөрі өз пайдасын жоғары қойып, қалтасын қампайтуды көздейтіндер жоқ емес. Бұл өте өкінішті жағдай»,- дейді еріктілердің бірі.  Мыңдаған қораптар мен қорапшаларды таңбалау төзім мен шыдамдылықты талап ететіні сөзсіз. Десе де үлкен қоймадағы қарапайым адамдардың еңбегі, аурухана төсегіне таңылған науқастың дертіне дауа болар алғашқы қадам деп түсінгеніміз абзал.



Толқынды толқын қуаламаса екен

Сонымен, «бірінші толқынды» бастан өткердік, ал орын алуы әбден ықтимал «екінші толқынға» қаншалықты дайынбыз? Міне, мәселенің мәнісі осында. Бастапқы кездегі абдырау мен үйлесімсіздіктер орын алмауы үшін қандай шаралар алынып отыр? Індет өршіп тұрғанда ең қарапайым деген дәрі-дәрмектің дәріханаларда қат болуы, оттегі баллондарын жұрттан жылу жинағандай жағдайға қайтадан душар болмаймыз ба? Ал ең бастысы - осы пандемияның шын қауіп төндіретінін баршамыз да ұғып болдық па? Әлде «Бірінші толқын» кезіндегідей індет өршіп тұрғанда да той-садақамызды өткізіп, «алатын ауру маскаңа қарамайды» деп, бейқам тірлікпен екінші толқынды да қарсы аламыз ба, бәр кінәні өзімізден басқаның барлығына артып қойып? Сайып келгенде барлығы да қоғам мен биліктің жауапкершілігіне тікелей байланысты екендігін түсінуімізде ғой. Бұны нақты түсініп болмай, карантиндік шаралар да, локдаун кезеңдері де, таратылған дәрі-дермегің де құмға сіңген судай болып қала бермек...


Даурен МАҚЫМ

Фото ашық дереккөзден және Атырау облысы қоғамдық бақылау тобынан алынды