Еліміздегі сайлау шет елдерде де зор қызығушылық тудырды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Мұны халықаралық БАҚ өкілдері жарыса жазып жатыр. Сайлау демократиялық елдердегідей стандартқа сай өтті. Оны халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден 600-ден аса байқаушы бақылады.
Мен де отбасыммен бірге таң атқан бойда дауыс беруге асығып, өз учаскеме бардым. Онда сайлаушылар қатары көп екенін байқадым. Соған қарамастан, ешқандай кезек туындамады. Жедел дауысымды бердім. Осының өзінен ұйымдастырушылардың ең маңызды саяси науқанға тыңғылықты дайындалғанын айқын аңғаруға болады.
Сайлау комиссиясының мүшелері де сайлаушыларға аса зор құрметпен қарап, өте сыпайы және мәдениетті қызмет көрсетті. Ал, дауыс беру барысы мен тәртібін байқаушылар жіті бақылап отырды. Олар өздерінің конституциялық құқығын орындады. Халықаралық байқаушылардың ұйымдастыру жұмыстарына жоғары баға бергеніне қуаныштымын.
Атыраулықтардың 70,87 пайызы дауыс бергеніне қарағанда, оларға елдің келешегі мен ұрпақтың болашағы бәрінен де маңызды. Демек, олар қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезініп отыр деген сөз.
Абзал МАҚСОТҰЛЫ,
«Amanat» патриясы Атырау облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшесі