Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі құрбандарының саны 21 мыңнан асты

Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінің төртінші күні қаза тапқандар саны 21 мыңнан асты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі TRT телеарнасына сілтеме жасап.

Түркия вице-президенті Фуат Октай президент Режеп Тайып Ердоған "ғасыр апаты" деп атаған табиғи апаттан қаза тапқандар саны 17 674-ке, жараланғандар саны 72 879-ға жеткенін айтты.
Көршілес Сирияда кем дегенде 3 377 адам қаза тауып, қаза тапқандардың жалпы саны 21 051-ге жетті.

Еске салайық, бұған дейін 6 ақпанда Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында, Сириямен шекаралас жерде жойқын жер сілкінісі болғаны хабарланған болатын. АҚШ Геологиялық қызметі мәліметінше, 7,8 балдық жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де Газиантеп маңында 17,9 шақырым тереңдікте тіркелген.

Сондай-ақ, Түркияның әр жерінде тұрғын үйлер мен тарихи Газиантеп бекінісі қирады. Ал Италияда Түркиядағы жер сілкінісінен кейін цунами қаупі ескертілді.