Жайық деңгейі Оралда 780 см-ге жуықтады

Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласы гидробекетінде 776 сантиметрге (қауіпті деңгей – 850 см) жетті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалынан мәлім еткендей, су деңгейі бір тәулікте 8 сантиметрге көтерілді. Бәйтерек ауданы Январцев елді мекенінде кешегі деңгейде (802 см) қалса, Көшімде 765 (+14), Тайпақ ауылы тұсында 471 (+12) сантиметрге жетті. 

Сонымен қатар Көшім каналында су деңгейі 1 сантиметрге жоғарылаған (821 см, қауіпті шектен 21 сантиметрге жоғары). Казталов ауданы Жалпақтал ауылында Қараөзен деңгейі 8 сантиметрге көтерілді (627 см, қауіпті шегі – 790-820 см). 

Облыстың басқа өзендерінде су деңгейі төмендеп келеді. Соның ішінде Жайыққа құятын Шаған өзені Чувашин ауылы тұсында 728 сантиметрді (-15, қауіпті шегі – 1300 см) көрсетті.