Атырауда «Табиғат» мекемесі құрылған

Аймақ басшысы Серік Шәпкенов Атырауда жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.

- Жылыой ауданы Құлсары қаласында Құрсай каналының 32 шақырымы тазартылып, тереңдетілді. Мұндай жұмыстар осы айда Жем өзенінде басталды. Жалпы ұзындығы 55 км болатын жағаның 1,5 км тазарып-тереңдетілді. Бұдан бөлек 58 км қорғаныс бөгетін салу жоспарланып, оның 24 км-і тұрғызылды,-деді С.Шәпкенов.

Облыс әкімі жиында су шаруашылығы құрылыстарын басқаруға алу үшін «Табиғат» мекемесі құрылғанын айтты.

- Тасқын кезінде тұрғызылған 590 км бөгетті облыс теңгеріміне алу жұмыстары жүріп жатыр. Көктемге дейін аталған бөгеттердің сапасын тексеріп, қажет болса, жаңадан тұрғызылған бөгеттерді нығайтамыз. Жайық өзенінің өткізу қабілетін арттыруда Каспий теңізіне шығыс беттегі сағасы тереңдетілуде. Бұл Құрманғазы ауданы Қиғаш өзенінде жалғасуда. Су тасқынына дайындық жұмыстары жүйелі жүріп жатыр,-деп атап өтті С.Шәпкенов.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ