Бұл туралы AtyrauPress Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Аталған орталық психикалық және сөйлеу қабілеті бұзылған, аутизм, церебральды сал ауруы және Даун синдромы бар балаларды жан-жақты дамытумен айналысады.
Балаларға АВА-терапия, нейрогимнастика, сенсорлық интеграция, бейімделген спорт әдістері арқылы кешенді көзқарас қолданылады және логопед, психолог қызметтері көрсетіледі. Мамандар балаларды сөйлеуге, жазуға, қоғамдық ортада өзін-өзу ұстауды үйретеді.
Мұнда ай сайын 100-ден астам бала оңалтудан өтеді. Үш жыл ішінде орталықта тәрбиеленген 30-ға жуық ерекше бала қатарластарымен бірге балабақшаға баруға мүмкіндік алды, ал 15 бала мектеп табалдырығын аттады.
Аталған іс-шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев пен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева арнайы қатысты.
- Құрметті ата-аналар, мамандар, сіздерді бүгінгі «Зейін Атырау» ерекше балаларды дамыту орталағының жаңа форматта ашылу салтанатымен құттықтаймын. Ерекше балаларға оңалту жұмысын тезірек бастасақ балалар жақсы нәтиже беріп, қатарларымен бірдей мақтанарлықтай үлкен азамат пен азаматшалар болып өседі. Осындай орталықтар көп болып, балаларымыздың дені сау болсын. Жұмыстарыңызға жеміс тілеймін, - деді Ж.Бисембиев.
Орталықта «Самұрық-Қазына» АҚ компаниясы атынан Томатис-терапияның заманауи әдістемесі енгізіліп, балалармен сабақ өткізуге арналған сенсорлық бұрышы жасалып, балалар бассейні орнатылған. Жобаның құны 27 миллион теңгені құрайды.
- Біз 2019 жылдан бері «Инклюзия Болашақ Атырау» қоғамдық бірлестігімен ынтымақтасып келеміз және серіктестерімізде болып жатқан оң жаңалықтарға қуаныштымыз. Ерекше балаларға арналған даму орталығының басшылығы тынымсыз ізденіп, балаларды оңалтуға барынша жағдай жасауға күш салатыны құптауға тұрарлық. «Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компаниялары мен еншілес ұйымдары жұмыс істейтін өңірлерде әлеуметтік бастамаларды қолдау арқылы, біз бүкіл ел бойынша өмір сүру сапасын бірге жақсартамыз, - деп атап өтті А.Адиева.
Айта кетейік, биыл «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен «Зейін-Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 50 балаға 120 тегін курс ұйымдастырылды.