Атырауда №16 мектептің ата-аналары балаларының үш ауысымда оқуына қарсы шықты

Ж. Қаражігітов атындағы №16 мектептің ата-аналары балаларының үшінші ауысымда оқуына қарсы шығып, мектеп алдына жиналды, деп хабарлайды ATPress. kz.

Онда 5, 6 және 7 сынып оқушыларының ата-аналары келді. Олар балаларының үшінші ауысымда оқуына қарсы болды. Өйткені мұғалімдер ата-аналарды алдағы дүйсенбіден бастап оқушылардың сабағы сағат 15.00-ден 20.00-ге дейін жалғасатыны және 6 күн оқитыны жайлы хабардар еткен.

Алайда ата-аналар мұнымен келіспейтінін және балаларының бірінші ауысымда оқуын талап етіп отыр.

- Неге сіздер бұл мәселені тамыз айына дейін шешпейсіздер? Неге жаңа оқу жылына дайын емессіздер? Балалар сабаққа келіп, бос сынып іздеп сенделіп жүрді. Не себепті біздің балаларымыз осының салдарынан үшінші ауысымда оқуы тиіс? - деді жиналған ата-аналар.

Мектеп директоры міндетін атқарушы Г. Жаксиеваның айтуынша, бұл мәселені шешу үшін мектеп жанынан қосымша ғимарат салу жоспарланыпты.

- Былтырғы оқу жылында үш ауысым мәселесі болмас үшін қосымша ғимарат салуға сұраныс берілген. Жобасы да жасалды. Алайда тамыздың соңына қарай қосымша ғимараттың салынбайтыны белгілі болды, - деді Г. Жаксиева.

Ата-аналарға жай-жапсарды түсіндіру үшін мектептің қамқоршылық кеңесінің төрайымы Д. Шоханаева балаларды екі ауысымда оқыту жолы қарастырылып жатқанын айтты.

- №16 мектеп - қаладағы оқушы саны ең көп мектеп. Мұнда 1600 бала оқуы керек болса, қазір 3000-нан астам оқушы білім алып жатыр. Өйткені басқа шағынаудандардан келіп оқитындар көп. Егер тек өз аумағымызды ғана қамтитын болсақ, бала сыйяр еді, мұндай мәселе болмас еді,- деді Д. Шоханаева.

Ата-аналар балаларының бірінші ауысымда оқуын талап етті. Бірақ таңертең барлық оқушыны қамту мүмкін емес, ол уақытта тек жоғары сыныптар оқитыны айтылды.

Айта кетейік, мектепте 28 кабинет бар. Ал сынып саны - 39.

Тоқетері: енді 5, 6, 7 сынып оқушылары үшінші емес, екінші ауысымда және 6 күн емес, 5 күн оқитын болып келісілді.