Атырау мемлекеттік университетінде белгілі журналист Михаил Дорофеев атындағы аудитория ашылды

Алдағы уақытта журналист атындағы шәкіртақы тағайындау жоспарда.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің бас ғимаратында белгілі журналист, Қазақстан журналистика академиясының академигі Михаил Дорофеевтің есімі берілген аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті – деп, хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Салтанатты іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева онлайн форматта қатысты. Атырау облысы әкімінің орныбасары Нариман Таушов, университет ректоры Саламат Идрисов және қаламгердің әріптес-достары  құттықтау лебіздерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті.

- Михаил Викторович Атырау  университетінің түлегі болатын. Ол  саналы ғұмырын отандық журналистиканың дамуына арнап, талай белді басылымдар мен телеарналарда абыройлы қызмет етті - деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман Таушов.

Заманауи құралдармен жабдықталған аудиторияның лентасын ардагер-журналист Любовь Монастырская мен «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Қанат Әуесбайұлы қиды.

Михаил Дорофеев еңбек жолын Атыраудағы «Жарық» телеарнасында бастап, Атырау облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінде жалғастырды. 1998 жылы Алматыға қоныс аударып, республикалық «КТК» телеарнасында еңбек етті. Одан бөлек, елімізге танымал «Экспресс К», «Город» және «Мегаполис» газеттерінде бас редактордың орынбасары, «Астана қ. телевизиясы» ЖШС Бас директоры, «Эра» телекомпаниясы» ЖШС және «Жетінші арна» телекомпаниясының бас продюсері қызметтерінн абыроймен атқарды. Ол қазақстандық телекөрерменге «Портрет недели» (КТК), «Формула личности» (Қазақстан, Астана-ТВ), «Тема» («Астана» телеарнасы), «Открытый диалог» (Хабар) сынды танымал телевизиялық бағдарламаларды жүргізу арқылы танылды.