Құрманғазы ауданы орталығындағы стадионды реконструкциялау жұмыстарына 961,7млн теңге бөлінген. Онымен «ГрадСтройСервис» ЖШС серіктестігі айналысып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress.
Стадионды қайта жаңғырту жұмыстары былтыр қарашада басталды. Алдын ала жоспарға сәйкес биыл қарашада аяқталуы тиіс.
Учаске басшысы Сүйіндік Құлжігітовтың айтуынша, стадионның жалпы аумағы 2,14 гектар. Ғимараттың ұзындығы 60 метр болса, ені 20 метрге жетеді.
«Стадионның үстіңгі жағында 500 адамдық көрермендер отыратын орын болады. Ол 3 метр биіктіктен басталып, сатылана жоғарылап, 4,60 метрге дейін жетеді. Көрермендер сонда отырып, болып жатқан жарыстарды тамашалайды. Екі жағы жоғары көтерілетін басқыштармен қамтылады. Сыртқы қабырғасы 8 метр биіктікті құрайды. Осы орынның астыңғы жағында спортшылардың киім ауыстыратын бөлмелері, жуынатын орындар, ұзыны 10 ені 5 метр конференц залы, мүгедектерге арналған жаттығу, күрес, үстел теннисі залдары, тренерлер бөлмесі, медпункт, витражды кіре беріс және басқа да қосалқы нысандар орналасады. Құрылыстың алдындағы алаңда футбол, шығыс жағында ұзындыққа секіру, атлетикалық жүгіру алаңдары, оңтүстік шығысында көлік тұрағы салынады. Алаңның төрт бұрышында жарық төгіп тұратын биіктігі 26 метрлік арнайы футбол діңгектері (мачта) болады», - деді С.Құлжігітов.
Қазір құрылыс басында 2 бригада жұмыс жасап жатыр. Стадионға газбен жылыту желісі жүргізілуде. Құрылыс материалдары уақытылы жеткізіліп отыр.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА