Атырауда 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы аясында іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Негізгі мақсат - тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелеріне қоғамның назарын аудару, қатыгездікке бей-жай қарамауға шақыру, зардап шеккендерге нақты көмек көрсету, қоғамда қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аталған акцияның міндеті — қоғамда әйелдер мен балалардың психологиялық қиындықсыз өмір сүру құқықтары туралы сауатын арттыру және бұқаралық ақпарат құралдары көмегімен гендерлік зорлық-зомбылықтың барлық түрлеріне нөлдік төзімділікті қалыптастыру. Сондай-ақ мемлекеттік және құқық қорғау органдарының ведомствоаралық өзара іс-қимылын дамытып, тұрмыстық зардап шегушілерге көмек ұйымдастыру.
- Акция аясында жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы, облыс әкімі аппаратының әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат комиссиясы және Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімінің қызметкерлері халық көп жиналатын орындарға түсінік жұмыстарын жүргізеді. Отбасылық келеңсіздік кезінде әйел адам қандай шаралар қолдану керектігі жөніндегі жадынамалар таратылады. Біз отбасында зәбір көрген әр әйелге тығырықтан шығудың жолы барын, қоғамның көзқарасынан қорықпай, заң шеңберінде мәселесін шешуге талпыну керектігін түсіндіреміз, деді Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесі басшысының орынбасары Айбаршын Иманғалиева.
Атырау облысы әкімі аппараты жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор - комиссия хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзинаның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі күн тәртібінен түспеген. Алайда, осы акция аясында бұл жәйтке баса назар аударып, әйел адамның құқығын қорғау мақсатындағы жұмыстарды одан әрі күшейтеді. Ол қараша айының 25-сі мен желтоқсанның 10-ы аралығында, яғни 16 күн бойы нәзік жандылармен кездесіп, түрлі семинар, дөңгелек үстел және психологиялық тренингтер өтетінін жеткізді.
Айта кетейік, өңірде «Отбасын қолдау орталығы» жұмыс жасайды. Аталған орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен немесе отбасында қиындықтар бар әйел адамдар мен ер-азаматтарға отбасы құндылықтарын нығайту, тұрмыстағы проблемаларды ерте анықтау, тұрғындарға психологиялық, құқықтық, педагогикалық және басқа да консультативтік-әдістемелік көмек көрсетеді.