Пәтерде денесі табылған екі бала мен анасының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Алматыдағы «Спутник» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің бірінен денелері табылған әйел мен екі сәбидің өліміне қатысты кісі өлтіру дерегі бойынша іс қозғалды, деп хабарлайды "ATPress.kz"

«6 тамыз күні Алматыдағы  тұрғын үй кешендерінің бірінен анасы мен екі сәбидің өлі денесі табылды. Екі бүлдіршіннің мәйітінде зорлық-зомбылық ізі бары анықталып отыр. Полиция департаменті кісі өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазіргі таңда тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Тергеу барысында видеоматериалдар зерттеліп, куәгерлерден жауап алынып жатыр. Қылмыстық іс Алматы қалалық прокуратурасының ерекше бақылауында», - делінген Алматы қалалық прокуратурасы таратқан ақпаратта.

Еске сала кетелік, жантүршігерлік қайғылы оқиға туралы хабар 6 тамыз күні тараған еді. Алматы қаласындағы «Мамыр» шағынауданындағы пәтерлердің бірінен 34 жастағы әйел адам мен оның 2015 жылғы және 2020 жылы туған балаларының денесі табылған болатын.

 

Фото: ашық дереккөз