Полиция қызметкерлері ата-анасыз қалған балаларды қамқорлыққа алу, әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында Атырау облысының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйіне барып, қайырымдылық іс-шарасын өткізді.
1 маусым – халықарлық балаларды қорғау күні қарсаңында ҚР ІІМ Атырау облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының басшылығы және жеке құрамы ата-анасыз қалған балаларды қамқорлыққа алу, әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында Атырау облысының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйіне барып қайырымдылық іс-шарасын өткізді.
Полиция қызметкерлері балалардың көңілін аулау мақсатында аниматорлар мен танымал мультфильмдер кейіпкерлерінің қатысуымен көңілді шоу ұйымдастырып, өз қолдарымен сол жерде түрлі тағамдар дайындап, мерекелік дастарханның көркін келтірді. Сонымен қатар балаларға жазғы аяқ киім мен басқа да құнды сыйлықтарды тарту етті. Ал мекеме қызметкерлеріне ата-анасыз қалған балаларды тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп келе жатқаны үшін алғыс хаттар табыстады.
- Балалық шақ - есімізде мәңгілікке жарқын бейнелерімен қалатын ең бақытты шақ. Бүлдіршіндеріміздің балалық шағы ұмытылмастай болып естерінде қалуы үлкендерге байланысты. Еліміздегі әр бала мейірімге бөленіп, балалық шағын бақытты әрі қызықты етіп өткізуге құқылы. Сондықтан біздер балалардың денсаулығы мықты боп, сапалы білім алуына, балалардың қауіпсіздігінің жоғары деңгейде болуына атсалысуымыз қажет, - деді ҚР ІІМ мамандандырылған күзет қызметі басқармасының орынбасары полиция подполковнигі Бердах Артықов.
Ал Атырау облысының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінің директоры Гүлсара Ботатаева өз кезегінде полиция қызметкерлеріне материалдық қолдау көрсетіп, балалардың көңілін көтергендері үшін ризашылығын білдірді.