Азиада: Қазақстан құрамасы қай орында?

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарының алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасының медальдар кестесінде қай орында тұрғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы жарыс күнінде дзюдодан Абиба Әбужақынова (48 келі) күміс, Мағжан Шамшадин (60 келі) қола жүлдегер атанды.

Нәтижесінде Қазақстан екі жүлдемен медальдар кестесінде оныншы орынға жайғасты.

Жалпы алғанда 24 қыркүйекте барлығы 18 елдің спортшылары жүлдеге қол жеткізді.

Көш басында 29 (19 алтын, 7 күміс, 3 қола) медальмен Қытай құрамасы тұр.

Одан кейінгі орындардағы Оңтүстік Кореяның - 14 (5-4-5) және Жапонияның - 13 (2-6-5) медалі бар.

Айта кетсек, Қазақстан Ханчжоу қаласына 30 спорт түрінен 524 атлет (262 ер, 262 әйел) алып барды.

Дүбірлі додада спорттың 8 түрінен: бокс, садақ ату, қазіргі бессайыс, жүзу, брейкинг, көгалдағы хоккей, теннис пен жеңіл атлетикадан Париж Олимпиадасына лицензия ойнатылады. 

Фото: Olympic.kz